«Хан Тәңірінің мұзбалағы» атты әдеби композиция

Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің аудандық кітапханасына қарасты Шелек модельді ауылдық кітапханасында 2018 жылдың 20 ақпан күні ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығын насихаттау мақсатында кітапханашы Ұ.Бағашарованың ұйымдастыруымен, «Жас әдебиетшілер» клуб мүшелерінің атсалысуымен «Хан Тәңірінің мұзбалағы» атты әдеби композиция өткізілді. Шара барысында «Поэзия әлемінің майталманы» тақырыбында кітап көрмесі ұйымдастырылып, ақының өмір баянына байланысты «Егіз жүрек», «Пай-пай өмір», «Бұлқынып жатыр», «Бүгін менің туылған күнім» атты бейне баяндар, сонымен қатар «Ғасыр ақыны» слайд – шоу көрсетілді. Қатысқандар: Шелек полиция күзет бөлімінің қызметкерлері, «Жас әдебиетшілер» клубының мүшелері және Молдағұлова мектебінің оқушылары, ұстаздар, кітапханашылар – 50 адам.
Әдеби копозицияны кітапханашы Ұлбосын Бағашарова кіріспе сөзбен ашып: «Жыл керуені алға жылжыған сайын Мұқағали Мақатаевтың артына қалдырған өшпес мұрасы, жарық жұлдыздай қараңғы түн қойнауынан құпия сәулесін шашқандай жарқырайды. Абай үндес Мұқағалидей перзенті бар біздің халық – шынымен де бақытты. Иә, Мұқағали — ғажайып, сыршыл, ақын.
Ақын деген лапылдаған өрт екен,
Ақындардың жанып өту серті екен
-деп қанатты қалам мен ақ парақты серік етіп, жаратқан жіберген өнерін өлгенше өшірмей, өзіне жүктелген міндетті адал атқарды емес пе? Десе де, «аңсамаймын, алмаймын көп өмірді» деген байыпты болжауы періште құлағына ілініп қалса керек. Сөйтіп, оттай лаулаған қыршын өмір үзіліп кетті. Оның маржан жырлары халқымен бірге жасап мәңгілік өшпейді, қазір жазылғандай, сиясы кеппек емес…
Лай су шаймайтын арым бар ,
Дауылдан қорықпас жаным бар,
— деп өткен Мұқағали Мақатаев халқын сүйді, халық ақынды сүйді» деп сөз кезігін жүргізушілерге берді.
Жүргізушілер өз кезегінде Мұқағали Мақатаевтың өмірімен шығармаларын насихаттап толық мәлімет беріп өтті. Сонымен қатар ақынның «Менің анкетам», «Жазылар естеліктер мен туралы» , «Қайран Қарасазым – ай», «Қазақстан», «Соқ жүрек», «Шеше сен бақыттысың жыламағын», «Дәрігеріме» өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Мұқағали Мақатаевтың болашақ ізбасарлары, Молдағұлова және Абай атындағы орта мектептерінің оқушылары Жарылқасын Айтолы мен Бидахметова Аида өз шығармашылығынан ақынға арнауларын тарту етті.
Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған «Мен деп ойла», «Саржайлау», «Есіңе мені алғайсың» т.б әндерін Жексенбай Айбота мен Бидахметова Аида өз деңгейінде орындады.
Кеш соңында Абай атындағы қазақ орта мектеп жанындағы мектеп-интернаттың меңгерушісі Күбенбаева Айгүл Тұранқызы өз кезегінде: «Мұқағали Мақатаевтың ақындық талантын шәкірт жүрегіне ұялату арқылы поэзияны сүюге, оны бағалай білуге, сыршыл да, шыншыл ақын өлеңдерінің мәні мен маңызына үңілдіруге, рухани танымын кеңейтуге ықпал етудеміз. Мұқағали – ХХ ғасырдың «Ғасыр ақыны» боп танылған поэзия пайғамбары. Жырларының құндылығы ақын жанының риясыз тазалығында жатыр деп ұғынуымыз қажет» — деп өз сөзін түйіндеді.
Қорытынды сөзді кітапханашы Ұлбосын Бағашарова келген қонақтарға, қатысқан оқушыларға алғысын айтып жүрек жарды лебізін білдірді.

Реклама