Қазақтың біртуар ұлы Д.Қонаевтың 105 жылдығына орай

Ұлы тұлғаларымыздың бірегейі, халқымыздың аяулы перзенті, аса ірі мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың дүние есігін ашқанына 12 қаңтар күні 105 жыл толар еді. Осыған орай Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің аудандық кітапханасының оқу залында 2017 жыл 20 қаңтар күні «Қазақтың біртуар ұлы» атты тұлғатану кеші өтті. Кешке Р.Тоқатаев, Абылай хан атындағы орта мектеп оқушылары, ұстаздар, кітапхана оқырмандары қатысты. Кеш барысында кемеңгер тұлғаның қоғамға және мемлекетке сіңірген еңбегі, экономика мен саясаттағы реформалары туралы кешке келген қонақтар «Еңбекшіқазақ» газетінің бас редакторы Х.Ахметжанов, ақын-жазушы Ш.Құсайынұлы, «НұрОтан» партиясының кеңесшісі Н.Алишевтер ой бөлісті.
Ауданымыздың ақын-жазушысы Ш.Құсайынұлы қазақтың біртуар азаматына арналған арнау өлеңдерін оқыды, кешке келген оқушылар Димаш атамыздың өмірлік жолы туралы әдеби монтаж қойып, деректі фильм тамашалап тарасты.
Кеш соңында жиналған қауым Д.Қонаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы «Дінмұхамед Қонаев – ғасыр саңлағы» атты кітап көрмесін тамашалады.
Ұлы тұлғаның күреске толы ғұмырын сипаттаған кеш оқырмандардың ұлтжандылық сезімін арттыруға септігін тигізді. Кеш соңын кітапхана директоры С.С.Мамажанова қорытындылап, ұстаздар мен белсене қатысқан оқушыларға алғысын білдіріп, мадақтама қағаздарын табыс етті.

Реклама